Жаңалық
АЕО өкілдері V Еуразиялық экономикалық форумға қатысты
Ақпараттық-есептеу орталығының өкілдері елордада өткен V Еуразиялық экономикалық форумның жұмысына қатысты. Форум аясында Еуразиялық экономикалық комиссияның интеграция және макроэкономика министрі Данияр Иманалиев ұйымдастырған «Статистика органдарының қызметінде заманауи цифрлық технологияларды қолдану» панельдік сессиясы өтті.
АЕО делегациясының құрамына директор Қайрат Кипатов, Жобалық басқару департаментінің директоры Ақмарал Тоқбергенова, сондай-ақ Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының сарапшылары Ғали Мәди мен Шынар Тулешова кірді.
Сессияға қатысушылар статистикалық саланы цифрлық трансформациялаудың өзекті тенденцияларын, жасанды интеллект технологияларын енгізуді, сондай-ақ деректерді жинау, өңдеу және талдау процестерін автоматтандырудың заманауи тәсілдерін талқылады. Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің орталық банктері мен статистикалық ведомстволарының өкілдері, сондай-ақ БҰҰ мен ТМД Статкомитетінің халықаралық сарапшылары өз тәжірибелерімен бөлісті.
Талқылау барысында заманауи цифрлық шешімдерді пайдалану статистикалық ақпараттың жеделдігі мен сапасын арттыруға ықпал ететіні атап өтілді. Сонымен қатар, ресми деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету және ақпарат алмасудың бірыңғай тәсілдерін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сессия қорытындысы бойынша қатысушылар халықаралық ынтымақтастықтың, заманауи талдамалық құралдарды енгізудің және мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Форумға қатысу АЕО өкілдеріне статистиканы цифрландыру саласындағы озық халықаралық тәжірибелермен және шешімдермен танысуға мүмкіндік берді, олар одан әрі цифрлық жобаларды іске асыру және демографиялық болжау жүйелерін дамыту кезінде пайдаланылуы мүмкін.


